Шығыс Қазақстандағы 11 елді мекенде сел жүру қаупі тоқтады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында сел жүру қаупі бар кезең аяқталды.

ШҚО-да ту деңгейі төмендеді
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 15 мамырдан сел жүру қаупі басталған. Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандары мен Риддер қаласындағы биік тауларда 144 мұздықты көл қалыптасқан. Осылайша, 11 елді мекенге сел жүру қаупі төнген. 

ШҚО-да су деңгейі төмендеді
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

«123 күнге созылған сел қаупі бар кезең аяқталды. Жағдайды қадағалау үшін арнайы штаб құрылған. 10 бақылау гидропосты жұмыс істеді. Сел қаупі бар учаскелерге 110 жерүсті зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар екі рет тікұшақпен барлау жасалған. Соның нәтижесінде, мореналық көлдердің бұзылуы және сел жүру қаупі байқалмады», - дейді «Қазселденқорғау» мекемесі ШҚ филиалының басшысы Советбек Станбеков.

Осылайша, биылғы сел жүру қаупі бар кезеңде елді мекендер халқына ешқандай залал келген жоқ.

Қазіргі уақытта филиал мамандары қысқы қар көшкіні қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстарын бастады.

Соңғы жаңалықтар