Шығыс Қазақстандағы 144 мореналық көл тұрақты бақылауға алынды
АСТАНА.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында «Қазселденқорғау» филиалының мамандары мен ТЖД қызметкерлері мұздықтардың еруі нәтижесінде қалыптасқан мореналық көлдерге мониторинг жүргізуде. Тұрақты суық түскенге дейін 144 көл тұрақты бақылауда болады.
Жағдайды бағалау мақсатында ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Риддер қаласындағы Иванов жотасының беткейлерінде, Громотуха және Ақ Үбі өзендерінің алаптарында орналасқан 30 мореналық көлге әуеден визуалды тексеру жүргізілді. Әуеден бақылау барысында мамандар көлдердің жай-күйін, олардың суға толу деңгейін және сел, су тасқыны мен көшкін процестерінің қалыптасуына әсер етуі мүмкін факторлардың бар-жоғын бағалады. Тексеру нәтижесінде таулы аймақтарда қар жамылғысының іс жүзінде жоқ екені, көлдердің мұз бен қардан ішінара босап шыққаны анықталды. Мұздан арылған көлдердегі су деңгейі төмен. Бөгеттер арқылы судың асып төгілуі тіркелген жоқ. Сондай-ақ мониторинг барысында Кіші Үлбі су қоймасына визуалды тексеру жүргізілді. Бөгет денесінің тұтастығына қатысты қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ.
— Риддер қаласы ауданындағы сел, су тасқыны және көшкін жағдайы тұрақты. Жаңа эрозиялық және көшкін процестері тіркелген жоқ. Зерттелген көлдер елді мекендерге, шаруашылық нысандарына және инфрақұрылымға қауіп төндірмейді, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.
Қазақстан ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің, Жетісу облысы ТЖД және «Қазселденқорғау» ММ филиалының қызметкерлері өңірдегі сел қаупі бар учаскелер мен мореналық-мұздық көлдерге әуеден визуалды тексеру жүргізді. Ұшу барысында Қора, Көксу, Көктал, Кескентерек, Өсек, Шежін, Тышқан, Бұрхан және Қорғас өзендерінің алаптары қаралды.
Мониторинг нәтижелері бойынша таулы аймақтағы жағдай тұрақты болып отыр. Мұздықтардың белсенді еруі тіркелген жоқ, биік таулы көлдер қысқы режимнен біртіндеп шығып келеді. Қорғас өзені алабындағы бұзылу қаупі бар Қапқан көлінде су деңгейін төмендету мақсатында орнатылған сифондар жұмысын жалғастырып жатыр. Өзен арналары ашық, су ағынының көлемі көпжылдық орташа көрсеткіштерге сәйкес келеді. Гидрологиялық бекеттер штаттық режимде жұмыс істеуде, ал сел қаупі бар учаскелер мен биік таулы су айдындарының мониторингі тұрақты негізде жалғасуда.
Айта кетелік ел аумағындағы ірі көлдер мен өзендерде 5 құтқару станциясы салынатыны туралы жазған едік.