Шығыс Қазақстандағы өзен-көлдерде су деңгейі қауіпті межеден төмен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысыдағы өзен-көлдерде су деңгейі қауіпті межеден төмен. Өңірде су тасқынына қарсы шаралар жүргізілуде. Өзен-көлдерді мұздан ашу жұмыстары жалғасуда. Су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. Мұз кептелісін азайту үшін жалпы ауданы 221 596 шаршы метрді құрайтын 17 жарылыс жасалды. Қазіргі уақытта еріген судың өтуіне мониторинг жасалып жатыр.
«Облыстағы қалалар мен аудандардың әкімдіктері су тасқынына дайындық барысында ұзындығы 135 шақырымды құрайтын 72 каналды, 376 шақырым 448 арықты, 1735 су өткізу құбыры мен 277 көпірді қардан тазарту жұмыстарын жүргізген. Барлығы 369 мың текше метр қар шығарылды. Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында 334 су өткізу құрылысы, 85 көпір қардан тазартылды», - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Алтай мен Күршім аудандары бойынша көмекке ТЖМ 68303 әскери бөлімінің әскерилері жұмылдырылды. Жағдай қиындап кетсе жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінен 2270 адам, 732 техника, 61 жүзу құралы және 234 мотопомпа сақадай сай.
Сондай-ақ қосымша Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің, шекара қызметі департаментінің және полиция департаментінің қызметкерлерінен 1379 адам мен 55 техника дайын.
