Шығыс Қазақстандағы жылу орталықтарында маман тапшы

Шығыс Қазақстан облысындағы жылу электр орталықтарында маман тапшылығы сезілуде. Оның ішінде былтыр қайта-қайта апат болған Риддердегі ЖЭО да бар, деп хабарлайды Kazinform.

Риддер ЖЭО инвесторы объектіні мемлекетке 1 теңгеге сатты
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Жылу электр орталығындағы маман тапшылығы мәселесін шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатқандығын бүгін Өскемен қаласы тұрғындарымен кездескен ШҚО әкімі Ермек Көшербаев айтып берді.

«Маман жетіспеушілігі сезілетін экономика секторларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін дуальды оқыту жүйесі белсенді түрде енгізілуде. Облыстағы 41 колледждің 28-і осы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Мәселен, биыл студенттер Согра, Өскемен және Риддер жылу электр орталықтарында кәсіптік оқудан өтіп жатыр», - деді ол.

Студенттерге ай сайын қолға 200 мың теңге жалақы төленуде. Осылайша, тәжірибе жинақтаған олар оқу бітірген соң бірден жұмыспен қамтылады.