Шығыс өңіріне газ тарту мәселесі қашан шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ұлықбек Тұмашинов еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне газ тарту мәселесін көтерді.

- Шығыс Қазақстанда қыс мезгілі алты жарым айға дейін созылады. Қазіргі таңда шығыс өңіріндегі тұрғындардың басты сұрағы: «газдандыру мәселесі қашан шешіледі?». Бұл сұрақтың өзектілігі — соңғы жылдары көмір бағасының шарықтауымен және оның сапасының сын көтермеуімен байланысты. Ауылдық жерлерде көмір бағасы 30 мың теңгеге дейін жетті, ал оның сапасы тұрғындарды алаңдатып отыр. Биылғы қыс мезгілінде Өскемен қаласында экологиялық ахуалдың ушығуы нәтижесінде мектеп оқушылары он күн бойы сабақтарын қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай – көмірдің төмен сапасы мен баламалы экологиялық таза энергия көздерінің жетіспеушілігінің айқын көрінісі, - деді Ұ.Тұмашинов Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі газдандыру мәселесі Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына қатысты. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның шекара маңындағы аудандарын газбен қамту — аса өзекті.
- Мамыр айында Зайсан ауданының халқымен кездесу барысында тұрғындар газдандыру мәселесін тағы да көтерді. Газ кенішінің үстінде отырып, көгілдір отынға қол жеткізе алмау – Зайсан халқы үшін түсініксіз әрі әділетсіз жағдай. Аудандағы газды игеріп отырған инвестор газ қорының азайып келе жатқандығы жөнінде мәлімдеп жатыр, сондықтан мемлекеттік органдар Зайсанның кейбір елді мекендеріне газ құбырын тартуға қарсы болып отыр. Олай болса, халықты газбен қамтудың балама жолдарын ойластыру керек. Ол Ресейден келетін немесе Қазақстанның оңтүстігінен келетін газға магистральды құбыр тарту маңызды. Осыған орай, сізден халық үшін аса маңызды бұл мәселені және аталған облыстарды газдандыруды күн тәртібіне қоюыңызды сұраймын, - деді депутат.
Бұған дейін Энергетика министрлігі қазіргі таңда солтүстік өңірді газдандыру мәселесін шешуде екі негізгі жол қарастырылып отырғанын, яғни отандық газ ресурстары мен Ресейден газ импорттау пысықталып жатқанын хабарлады.