Шығыс пен орталықта астық пен ет өнімдерін Қытай нарығына сертификаттайтын зертханалар құрылады

астық
Фото: Pixabay

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің сегізінші бизнес форумында елдің шығысы мен орталығында астық пен ет өнімдерін Қытай нарығына сертификаттайтын зертханалар құрылатыны айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында айтты.

Палата басшысының сөзінше, іскерлік алқада Қазақстан астығын іргедегі нарықтарға жеткізудің проблемалары да талқыланған.

«Мысалы, қазір „Достық — Алашанькоу“ стансасында зертхана жоқ. Біз Қытай тарапы шекарада зертхана орнатады деген келісімге қол жеткіздік. Яғни, Қазақстан мен Қытайдың бірқатар инвесторы біздің елдің аумағында зертханаға инвестиция салады. Ол зертхана Қазақстан астығының Қытайға барынша көп экспортталуына жағдай жасайды. Бір қарасаңыз бұл шағын инвестиция сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, мұндай инвестициялар астықтың көлемі мен құны екі тараптың да көңілінен шығуына септігін тигізеді», — деді ол.

Райымбек Баталов мұндай нысанның алғашқысы жыл аяғына дейін жұмысын бастайтынын еске салды.

«Бұл зертхана жыл аяғына дейін орнатылады деп есептейміз. Қытай тарапы қараша, желтоқсан айларында аяқтауға уәде берген. Келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін Қазақстан аумағында осындай зертханалар пайда болады. Қазір нақты санын айту қиын. Өйткені мәселе Қытай инвесторларының ынтасына байланысты. Біз 3-4 зертхана туралы уағдаласқанбыз. Оның бірі елдің шығысында болады. Сондай-ақ, оңтүстік пен орталықта да болады. Ол зертханалардың аккредитациясы болғаны маңызды. Яғни, астық бойынша да, ет бойынша да жұмыс істейді», — деді палата басшысы.

Соңғы жаңалықтар