Шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді – Әлихан Смайылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – 10 айдағы еліміздің экономикалық өсімі 2,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді – Әлихан Смайылов

«Ел экономикасы тұрақты өсу қарқынын сақтап отыр. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты өсімі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызды құрады. Нақты сектор экономиканы тұрақтандырудың негізгі факторы ретінде дамудың оң үрдісін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3 пайызға өсті», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, машина жасау саласы - 7,7, оның ішінде автомобиль жасау - 18,3, электр құралдарын өндіру - 12,4, химия өнеркәсібі - 10,6, жеңіл өнеркәсіп - 7,8, өңделген мұнай өнімдерін шығару - 3,7, азық-түлік өнімдерін өндіру - 3,5 пайызға өсті. Құрылыс саласында 5 пайыз деңгейінде тұрақты өсім тіркелді.

«10 ай ішінде елімізде 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығында өсім деңгейі орнықты – 8 пайыздан астам. Қызмет көрсету секторы 1,6 пайызға өсті. Сауда 4 пайыздан жоғары, көлік саласы да осы шамалас, яғни 4 пайызға жуық. Байланыс – 7 пайызға жоғарылады. Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады. Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7 пайызды құрап отыр. Оның ішінде экономиканың шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте тіркелді», - деді Үкімет басшысы.