Шикізаттық секторға орынсыз «қарғыс» айта берудің қажеті шамалы - А. Есентүгелов
А. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шикізаттық секторға ұдайы орынсыз «қарғыс» айта берудің қажеті шамалы. Бүгін «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның ашық есік күні шарасы барысында аталған институттың құрметті профессоры Арыстан Есентүгелов осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында А. Есентүгелов «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның құрылу тарихына байланысты әңгіме қозғады. Оның пайымдауынша, осыдан 40 жылдай бұрын құрылған зерттеу институтының тарихын Қазақстан экономикасының тарихы ретінде қарастырған орынды.
«Институт қолданбалы зерттеулерді жүзеге асырып, әрқашан ғылыми жұмыстармен айналысты, жылдық-бесжылдық жоспарларды болжады. Әрине, Кеңес одағы кезеңінде мемлекеттік жоспарды қорғау оңайға түскен жоқ. Дегенмен де, көптеген шаралар орындалды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бізде үлкен өндірушілік қуат болды. Әрине, бұның негізгі бөлігі шикізаттық секторды құрады. Осы ретте тоқтала кететін жайт, мен шикізатқа қатысты ұдайы орынсыз «қарғыс» айта берудің қажеті шамалы деп айтар едім. Өйткені 90-жылдардағы дағдарыстан да, қазіргі әлемдік дағдарыстан да ең алдымен осы сектордың арқасында басқа елдерге қарағанда аз зардап шегіп отырмыз. Әрине, бұл бағытта біршама олқылықтар бар, бірақ осы сектордың экономикаға септігін ұмытпау қажет», деді А. Есентүгелов.