Шілде айында еліміздегі жұмыссыздар саны 498 100 адамды құрады

Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен мәлім етті.
2010 жылғы шілдеде республика экономикасына жұмылдырылған халықтың саны 8,2 миллион адамды құрады. Өткен жылдың аталмыш кезеңімен салыстырғанда олардың саны 248 мыңға немесе 3,1 пайызға көбейді. Сонымен бірге, есепті кезеңде еліміздегі жалдамалы қызметкерлердің саны 5,4 миллион адамды құраған. Бұл
жұмыспен қамтылғандардың 66,1 пайызы болып отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2010 жылғы шілденің соңында 71,7 мың адам ресми тіркелген. Жұмыссыздар ретінде тіркелгендердің үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,8 пайызын құрады (2009 жылғы шілдеде - 1,2 пайыз).
Сондай-ақ бағалау бойынша шілде айында экономикалық белсенді халық арасында жасырын жұмыссыздық 0,4 пайызды құрады.
Айта кетейік, жасырын жұмыссыздық бұл - жұмысшылардың толық емес күн тәртібіне ауыстырылуы, не болмаса олардың еңбекақысы сақталмай жартылай төленіп әкімшілік демалыстарға жіберілуі. Ал жұмыссыздарға - табыс беретін жұмыстары болмаған, бірақ оны белсенді іздеген және оған кез келген уақытта кірісуге әзір тұрған тұлғалар жатады.