Шілде айында жұмыспен қамтылғандар саны 0,7%-ға артты - Статистика агенттігі

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - 2013 жылдың шілдесінде өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 56,4 мың адамға немесе 0,7%-ға көбейді, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап primeminister.kz.

Шілде айында жұмыспен қамтылғандар саны 0,7%-ға артты - Статистика агенттігі

«Республика экономикасында 2013 жылғы шілдеде (бағалау бойынша) 8,6 млн. адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 56,4 мың адамға немесе 0,7%-ға көбейді», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Оған қоса, жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,9 млн. адамды, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 69,1% құрады.

Бұдан өзге, ведомствоның бағалауынша, 2013 жылғы шілдеде жұмыссыздар саны 467,9 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,2% құрады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2013 жылғы шілде айының соңына 58,2 мың адам («Жұмыспен қамту 2020 жол картасына» қатысатындар құрамына енгізілген тұлғаларды қоспағанда) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,6%-ын құрады.