Шілдеде қазақстандықтар доллар мен еуроны көбірек сатып алған

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ - Шілде айында Қазақстандағы ақша айырбастау орындарында еуро мен АҚШ долларын сату артқан, ал ресейлік валютаның сатылымы, керісінше, қысқарған, деп хабарлайды ranking.kz .
None
None

АҚШ долларын сату бір айда 11,2%-ға артып, 903,4 млн долларға жеткен болса, еуро - 7,2%-ды, яғни 89,7 млн-ды құраған. Ал рубль саудасы 18,7%-ға дейін - 12,7 млрд-қа төмендеген. Өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда, аталған үш валютаның сатылымы артқаны аңғарылады - АҚШ доллары 16,1%, еуро 19,5% және рубль 15,0% оң көрсеткіштеріне ие.

Жыл басынан бері ақша айырбастаушылар 5,2 млрд АҚШ долларын сатқан, бұл 2016 жылдың қаңтар-шілде айларына қарағанда 17,9%-ға көп.

2017 жылдың қаңтар-шілде айларында айырбасшылар 643,1 млн еуро сатқан, мұндағы өсім 51,1%-ға тең. Ресей валютасының сатылымы 2016 жылдың алғашқы жеті айына қарағанда 16,7%-ға артып, барлығы 86,1 млрд рубль сатылған.

Шілдеде АҚШ долларын сатып алғандардың арасында 413,0 млн доллармен алматылықтар көш бастап тұр. Бұл алдыңғы айдағыға қарағанда 15,6%-ға, ал өткен жылдың шілдесінен 16,7%-ға көп деген сөз. Одан кейінгі орында 115,9 млн доллармен ОҚО келеді, мұндағы өсім маусым айына қарағанда 32,8%-ды, былтырғы шілдемен салыстырғанда 22,8%-ды құрайды. Үштікті 104,5 млн доллармен Астана түгендейді, бірақ елордалықтар алдыңғы айға қарағанда 1,4% аз валюта сатып алған, мұның өзі 2016 жылдың шілдесінен 1,9%-ға көп. Осы үштіктің үлесіне бүкіл елдегі АҚШ доллары сатылымының 70,1%-ына тура келеді.

Еуро сатып алу бойынша да Алматы тұрғындары бірінші тұр. Олар шілде айында Қазақстандағы еуро сатылымының 54,4%-ын еншілеген. Алматыдағы ақша айырбастау орындарында 48,8 млн еуро сатылған, бұл маусым айындағыға қарағанда 18,7%-ға, ал былтырғы шілде айындағы саудадан 18,2%-ға көп.

Екінші орында 15,9 млн еуромен Астана тұр. Мұндағы бір айлық өсім 4,9%-ға, жылдық өсім 5,1%-ға тең.  ҚР үлесі - 17,7%-ды құрайды.

Еуро сату көшбасшыларының үштігін Қарағанды облысы түгендейді - 5,4 млн еуро сатылған аймақтағы өсім маусым айымен салыстырғанда 8,0%-ға, былтырғы шілдеге қарағанда 55,9%-ға тең. ҚР үлесі - 6,0%.

Ресей рублінің сатылымы республикамыз аймақтарында біршама біркелкі жүріп жатыр. Атап айтқанда, үздік үштіктегі Алматы, ШҚО және Астананың үлесіне жалпы сатылым мөлшерінің 35,6%-ы тура келеді. 2017 жылдың шілдесінде ең көп рубль сатып алған - Алматы тұрғындары. Алайда жалпы көрсеткіш 1,83 млрд болғанмен, бір айда 20,1%-ға төмендеген, ал жылдық кері көрсеткіш 0,6%-ға тең. Одан кейінгі ШҚО-дағы ақша айырбастаушылар 1,41 млрд рубль, яғни алдыңғы айдағыдан 18,4% аз, ал былтырғыдан 24,3% көп сатқан. Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, үштікті түгендеп тұрған Астанада 1,28 млрд рубль сатылған, бұл маусым айындағыдан 20,4%-ға аз, бірақ өткен жылғы шілдедегі саудадан 1,7%-ға көп деген сөз.

Соңғы жаңалықтар