Шілдеден бастап елімізде электронды есепшот фактурасы енгізіле бастайды
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Шілдеден бастап елімізде электронды есепшот фактурасы енгізіле бастайды. Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.
«Электронды есепшот фактурасын енгізу мәселелері бойынша Салық кодексіне өзгертулер енгізілді. Ол 2014 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Құжат айналымы тәртібі мен электронды түрде жазылып берілетін есепшот фактурасының формасы бекітілді. 2013 жылдың шілдесінде ілкі режимде қосу жоспарлануда», - деді ол.
Оның атап өтуінше, электронды есепшот фактурасын енгізу жалған кәсіпкерлердің мәмілелерін жедел әрі ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар салық төлеушілер үшін де электронды есепшот фактураларын енгізудің бірқатар басымдықтары бар. Атап айтқанда, қағаз есепшоттар жазып беру шығындары қысқарады, салық органдарына есепшот фактурасы тізбесін ұсыну жойылады, экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару процедурасы жеңілдетіледі. Электронды есепшот фактурасын қолданған жағдайда бизнес жылына кемінде 5 млрд. теңге үнемдейді.