Шілденің 5-і күні Алматыда «Нұрсұлтан-2009» альпиниадасы өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шілденің 5-і күні қазақстандық «Нұрсұлтан-2009» альпиниадасы өтеді.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында аталмыш шараны ұйымдастырушылар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дәстүрлі бұл альпиниаданы биыл ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мен Алматы қаласы әкімдігінің спорт басқармасы бірігіп ұйымдастыруда. Ол өткен жылы өтпей қалған болатын. Биыл дәстүрлі шараны қайта жаңғырту, қалалық құтқару қызметтерін VII қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындау және қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсаты көзделіп отыр», - дейді 2011 жылғы қысқы Азия ойындары дирекциясының директоры Сұлтанмахмұд Шоқбытов. Оның айтуынша, бұл күні Шымбұлақ тау шаңғысы курортынан Талғар асуына дейінгі аспалы жол барлық қатысушылар үшін тегін болады. Жылдам жүгіру бағыты Шымбұлақ мейманханасынан басталады. Жеңімпаздар Ұлттық олимпиадалық комитеттің дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ альпианиаданың барлық қатысушыларына арнайы сертификат пен «Нұрсұлтан-2009» естелік белгілері табыс етілмек.