Шымбұлақ курортында ертеңнен бастап сырғанауға болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 19 қарашадан бастап Шымбұлақ тау-шаңғы курорты техникалық режимінде жұмысын бастайды.

Шымбұлақ курортында ертеңнен бастап сырғанауға болады
Фото: Алматы әкімдігі

Нысан баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы кезеңде шаңғы тебуге «Ақ Барыс», «Белый Мишка» оқу трассалары және «Профессор» трассасының төменгі бөлігі қолжетімді болады.

— Жоғарғы трассалардың ашылуы ауа райы жағдайына және қар жамылғысының күйіне байланысты болады, — деп хабарлады курорт баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы таулары беделді халықаралық The Worldworthy 100 рейтингіне еніп, үздік қатарынан көрінді. Шымбұлақ тау курортының аспалы жолы әлемдегі үздік аспалы жолдар тізімінде 9-орын алып, алғашқы ондыққа енді. Кімасар шатқалы әлемдегі ең үздік 100 жаяу серуендеу бағыты арасында 56-орынға тұрақтаса, Бұтақты шатқалы 79-орынға жайғасты.

Былтыр алматылықтар Шымбұлақта 26 қарашадан бастап сырғанай бастаған болатын. Ал 2025 жылдың 6 желтоқсанында жаңа маусымның ресми ашылуы болды.

Кейін тау курортында қысқы сырғанау маусымы 13 сәуірде жабылды.