Шымбұлақта шетелдік туристер жанжал шығарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының тау-шаңғы курортында жанжал шығарған шетелдіктерді тәртіп сақшылары ұстады.

Шымбұлақта шаңғы тебу 20 мың теңгеге дейін қымбаттаған
Фото: Алматы әкімдігі

Әлеуметтік желіде «Шымбұлақ» курортында болған төбелестің бейнежазбасы тарады. Курорт әкімшілігінің мәліметінше, масаң күйде шетелдік туристер «Шымбұлақ» қызметкерлерімен жанжал шығарған.

— Шетелдік қонақтар тобы мас күйінде тау шаңғы мектебінің қызметкерлерімен жанжал шығарды. Кикілжіңді курорттың қауіпсіздік қызметі тоқтатты. Құқықбұзушылар тәртіп сақшыларына берілді. Оқиғаға байланысты дереу ішкі тексеру жүргізілді, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес қажетті шаралар қабылданды, — деп хабарлады «Шымбұлақтың» баспасөз қызметі.

Сонымен қатар курорт әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, төбелестің туындауына кассирдің жұмыс орнынан уақытша кетіп қалуы себеп болған. Қызмет көрсету уақытының ұзақтығына ашуланған шетелдіктер өзге қызметкерлерге қол жұмсаған. Алматы қаласының Полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты барлығы 5 адам ұсталғанын мәлімдеді.

— Медеу аудандық полиция басқармасы бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа да мән-жағдайлары анықталып жатыр, — деп хабарлады полициядан.

Еске салайық, бұған дейін елімізде 4237 шетелдік заңсыз такси қызметін атқарғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар