Шымбұлақта жабайы қабанның сноубордшыларға шабуыл жасағаны рас па
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде жабайы қабанның тауда сырғанап жүрген сноубордшыларға шабуыл жасаған сәтінің видеосы шықты. Пост авторы оқиға Алматының шаңғы тебетін жерлерінің бірінде болғанын жазды.

Желі қолданушылардың кейбірі видео Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында түсірілді десе, басқалары Қытайда түсірілгенін айтып, пікірлерін қалдырды. Оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының баспасөз қызметіне хабарласқан едік.
Курорттың баспасөз қызметі видео Шымбұлақта түсірілмегенін хабарлады.
«Бұл видео шамамен бір жыл бұрын Жапонияның тау-шаңғы курортында түсірілген. Оны сол жердегі тақтайлар мен аумақтағы жазулардан да байқауға болады», - деп хабарлады «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, қаңтар айында «Шымбұлақ» тау курортында ұзын-сонар кезек шығып, оның видеосы желіге тараған еді.