Шымкент әкімдігі Наурызға арналған роликтерге жұмсалған қаражатқа қатысты түсінік берді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ақпарат кеңістігінде Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты Шымкент қаласындағы LED-экрандарда бейнероликтер орналастыруға 7 млн теңгеден астам қаражат бөлінді деген мәлімет тарады. Бірқатар интернет-ресурс бұл шығынды сынға алған материалдар жариялады.

Шымкент әкімдігі Наурызға арналған роликтерге жұмсалған қаражатқа қатысты түсінік берді
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мемлекеттік сатып алу барысында заң бұзу болуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

– Аталған қызмет бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері заң талаптарына толық сәйкес өткізілген. Нәтижесінде ең төмен баға ұсынған «Эльдорадо» жарнама агенттігі» ЖШС жеңімпаз атанды, - деп хабарлады әкімдік.

Қала басшылығының мәліметінше, жасалған келісімшарттың жалпы сомасы – 5 млн 431 мың теңге. Жоба аясында кемінде 36 мың бейнематериал көрсетілімі жоспарланған, яғни бір көрсетілімнің құны – 151 теңге. Сондай-ақ байқауға қатысушыларға қойылған талаптың бірі – кемінде 300 шаршы метр көлеміндегі LED-экрандардың болуы және бұл талап мердігер тарапынан толық орындалғаны атап өтілді.

– Шымкент қаласындағы 100 LED-экранда Наурыз мерекесіне арналған 10 бейнеролик көрсетілді. Пайдаланылған экрандардың жалпы ауданы белгіленген 300 шаршы метрден әлдеқайда асып түседі. Бұл ретте, заң бұзушылықтар туралы ақпарат негізсіз, - деп нақтылады ішкі саясат басқармасы.

Бұдан бұрын Шымкент әкімдігі желіде тараған аудан әкімінің қызметкерге қол көтергені туралы видеоға түсінік берген еді.