Шымкент әуежайында рейстен кешігіп, шу шығарған екі жолаушы қамалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған Астана қаласының екі тұрғыны 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысты
Фото: Ақорда

Астанаға ұшатын рейстен кешігіп қалған 28 және 32 жастағы жолаушылар әуежай ғимаратында наразылық білдіріп, қатты дауыстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан.

Әуе компаниясының өкілдері болған жағдай туралы көлік полициясына хабарлап, тиісті акт жасаған. Полиция қызметкерлері жолаушыларды бөлімге жеткізді.

– Тексеру барысында олардың алкогольдік масаң күйде болғаны және ұшаққа отырғызу уақытына кешіккені анықталды, – деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.

Құқық бұзушыларға қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Бұған дейін Астана әуежайында жолаушылар 223 iPhone смартфонын кедендік бақылаудан жасырын өткізбек болғанын хабарлаған едік.