Шымкент қала тұрғындары экологиялық акцияда белсенділік танытты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте World Cleanup Day халықаралық күніне және республикалық «Таза Қазақстан» бастамасына орай ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Қала тұрғындары, волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері жалпы 43 мыңнан астам тұрғын бірігіп, қаламыз бен табиғи аумақтарды таза ұстауда белсенділік танытты.
Демалыс күнінің таңы Астана алаңында мыңға жуық мектеп оқушысын, студенттерді, жоғары оқу орындарының өкілдері мен волонтерлік ұйымдардың мүшелерін біріктірген жастар жиынымен басталды.
Сенбілік басталар алдында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, аулаларда, көшелерде және қоғамдық орындарда тазалық сақтау қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыратыны айтылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жиналған мың волонтер қаладағы бес аудан бойынша топтарға бөлінді. Оның ішінде, 200-ге жуық адам қалалық дендросаябақта тазалық жұмыстарын жүргізсе, қалғандары көшелерде, саябақтарда және аулаларда жұмыс істеді.
А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта ұйымдастырылған тазалық іс-шарасында көпшілік аумақта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш жапырақтарын, қоқыс жинауға атсалысты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көпшілікке қоршаған ортаны, өз ауламызды таза ұстаудың маңызды екенін атап өтті. Табиғи ортаны сақтау және қоршаған ортаны байытуға да ерекше көңіл бөлінді. Қала әкімі акцияға қатысушылармен бірге дендрологиялық саябаққа 25 қырғауылды ұшыру, 10 тиін мен су айдынына 150 келі балықты жіберу іс-шарасына куә болды.
Жалпы, бұл күні қала бойынша 270 тоннадан астам тұрмыстық және басқа да қалдық шығарылды. Сонымен қатар ирригациялық арықтар тазаланып, көшелер жуылды.
Сондай-ақ, кеше қаладағы мешіт аумақтарында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға мешіт жамағаты белсенді қатысып, ғимарат айналасын қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтірді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр.