Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Азамат Бұхарбайұлы Парманов тағайындалды.
Азамат Парманов 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ гуманитарлық Заң университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі – есеп және аудит, құқықтану.
Еңбек жолын 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілермен жұмыс және өндіріп алу бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2016 жылға дейін СҚО және Астана қаласында мемлекеттік кірістер басқармасында жауапты қызметтер атқарды.
2016-2017 жылдары Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің аппараты халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы, 2017-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімнің бас инспекторы, 2018-2025 жылдары Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болды.
2025 жылдың ақпан-желтоқсан аралығында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.
Бүгінге дейін Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Бұған дейін Семей қаласы әкімінің аппаратына жаңа басшы тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.