Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі Шымкент полиция департаментінде кадрлық шешімдер қабылданғанын мәлім етті. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қабылданды.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтініштерін тиісінше қарамаудың ықтимал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйектер жан-жақты тексерілетін болады.
— Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша басқарушылық жауапкершілік негізінде тәртіптік шаралар қабылданды. Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды, — делінген ведомство хабарламасында.
ІІМ заңды бұзуға ықпал ететін кез келген фактілерге, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністеріне қатысты нық принципті ұстанады.
Министрлік мәлім еткендей, кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды.
Кейіннен марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бүгін Президент Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді.