Шымкентте 1 қазаннан бастап қоғамдық көлік картасының бағасы өзгереді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте қоғамдық көлік картасының құны 1 қазаннан бастап 550-ден 800 теңгеге дейін көтеріледі. Компания бұл өзгерісті картаны дайындау және логистика шығындарының өсуімен байланыстырып отыр. 

автобус
Фото: Татьяна Корякина /Kazinform

«Smart Mobility» ЖШС директоры Ақылбек Ахметуалидың айтуынша, бағаның өсуіне картаны дайындау, логистика және басқа да операциялық шығындар әсер еткен. Оның сөзінше, бір картаның өзіндік құны шамамен 780 теңгеге жеткен.

— 1 қазаннан бастап көлік картасының бағасын 800 теңгеге көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Бұл — операциялық шығындардың өсуіне байланысты қабылданған шешім. Сондықтан қала тұрғындарына, оның ішінде мектеп оқушылары мен студенттерге, картаны қазан айына дейін қазіргі бағамен алып үлгеруге мүмкіндік беріп отырмыз, — деді ол.

Компания өкілінің сөзінше, картаның бағасын көтеру туралы шешім өткен жылы қабылдануы тиіс болған. Алайда тұрғындарға қолайлы болу үшін құны бір жыл бойы 550 теңге деңгейінде сақталған.

Қазір Шымкентте 200 мыңнан астам адам көлік картасын пайдаланады. Оның 80 мыңға жуығы — мектеп оқушылары. Жалпы, қалада қоғамдық көлікпен күн сайын 350 мыңнан астам жолаушы қатынайды.

Ақылбек Ахметуалидың айтуынша, картаның виртуалды нұсқасын да пайдалануға болады. Ол үшін арнайы автобус қосымшасын смартфонға жүктеп, қажетті мәліметтерді енгізу қажет.

Ал оқушылар көлік картасын алу үшін Шымкент қаласындағы мектепте оқитынын растайтын анықтама ұсынуы керек.

— Бұл құжат оқушының Шымкентте білім алатынын растау үшін қажет. Деректері жүйеге бір рет енгізіліп, архивте сақталады. Сондықтан карта жоғалған жағдайда анықтаманы қайта тапсыру талап етілмейді, — деді ол.

Бұған дейін Шымкентте қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік