Шымкентте 10 күн бойы салт-дәстүр насихатталады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының тұрғындары бүгін «Қайырымдылық» күнін атап өтеді. Іс-шаралар барысында қарттар үйі мен балалар үйінде және көпбалалы отбасыларға арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен зиялы қауым өкілдеріне ауызашар беріледі.

Жалпы қала тұрғындары Наурыз мерекесін 10 күн бойы атап өтеді. Кеше Амал күніне орай қала аумағында бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Ал, бүгінгі қайырымдылық күнінде де игі істер жалғасын табады.
16 наурыз — «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» — Наурыз алаңында «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Құлақ тесу», «Бұрымын өру», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Қыз ұзату», «Беташар», «Тілеу көже дайындау» ғұрыптары насихатталып, музыкалық-театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылады.
17 наурыз — «Шаңырақ күні» аясында перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйлары табысталады.
18 наурыз — «Ұлттық киім кию» күні аясында Шымкент қаласының мемлекеттік қызметкерлері ұлттық киім кию челленджін бастайды. Сондай-ақ, Көрме орталығында үш номинациядан тұратын «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» атты ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтеді.
19 наурыз — «Жаңару күні» аясында қаланың саябақтарында көктемгі ағаш егу дәстүрі қолға алынбақ.
20 наурыз — «Ұлттық спорт күні» иппадромда бәйге, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз — «Ынтымақ күні» зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қала тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтайды.
22 наурыз — «Жыл басы» Астана алаңында «Армысың, әз-Наурыз» атты сахна өнеріндегі этникалық және заманауи үрдістерді үйлестіретін музыкалық театрландырылған қойылым көрсетіледі. Сонымен қатар, «Әл-Фараби» және Наурыз алаңдарында, «Жеңіс» саябағында, Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында, «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда мерекелік думанды іс-шаралар өтеді. Салтанатты шара кешкі гала-концертке ұласады. Онда еліміздің өнер жұлдыздары «Орда» тобы, «Ер Тұран», Qanay, Наzима және Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары мен «Қазына», «Қарагөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері өнер көрсетеді.
23 наурыз — «Тазару күні» тазалық эстафетасын бастап, қаланың көрікті жерлері мен саябақтарында, мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау жалпыұлттық сенбілік ұйымдастырылады.