Шымкентте 11-қабаттан секірмек болған қызды құтқарған полицейлер марапатталды
Шымкентте 11-қабаттан секірмек болған қызды құтқарған полицейлер марапатталды, деп хабарлады Kazinform.
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Думан Таев жергілікті тұрғынды суицидтен құтқарып қалған патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Нұржан Айдаров, Жанәділ Ғазизұлы, Болат Ажмухан мен взвод командирі Нұрғиса Мошкаловты марапаттады.
Полиция генерал майоры тәртіп сақшыларының шұғыл әрі батыл әрекетін айтып, адам өміріне араша түскенін мақтан етіп, оларға адал қызметі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, патрульдік полицейлер 24 қараша күні кешкі уақытта көпқабатты үйдің 11 қабатынан секіруге оқталып тұрған жергілікті азаматшаны құтқарып қалған болатын.
«Мұндай сәттерде әр секунд маңызды, сондықтан біз жедел әрекет етуіміз керек. Қайғылы оқиғаларды болдырмау, құтқару және көмектесу - біздің азаматтық борышымыз», - деді полиция қызметкерлері.