Шымкентте 151 адамды сан соқтырған алаяқтарға қатысты сот үкімі шықты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында еліміздің бірнеше өңіріндегі жалпы саны 151 адамды сан соқтырған үш адамға үкім шықты. Екі әйел, бір ер адамға Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы, 217-бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарымен айып тағылды. 

баспана
Коллаж: Kazinform; Midjourney

Соттың мәліметінше, сотталушылардың бірі әйел азаматы 2019 жылы қырқүйек айында Шымкент қаласында «Пайызсыз баспана» тұрғын үй кооперативін ашып, өзін басшы етіп тағайындаған. Ал, 2021 жылдың тамыз айында копператив салымшыларының қатысуымен өткен жиында басшы ретінде сотталушының екіншісі тағайындалған. Содан кейін ол екеуі кооператив операторымен алдын ала сөз байласып, 2019-2021 жылдар аралығында Instagram арқылы Шымкент, Алматы, Астана және басқа да облыстық маңызы бар қалаларда салымшылардан ақша жинаған. Ол қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, сотталушылардың екеуі 135 жәбірленушіге 171 млн теңге мөлшерінде шығын келтірген. Ал, оператор әйел 16 жәбірленушіні 15 млн теңге шығынға батырған. 

Сот отырысында кооперативті ашқан әйел кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушысы соттан жас балаларының болуына және кінәсін толық мойындауына байланысты ең төмен жаза тағайындауды сұрады. 

2021 жылы кооперативке басшы боп тағайындалған сотталушы да кінәсін мойындап, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. 

Үшінші сотталушы да кінәсін мойындап, 10 жәбірленуші оған кешірім беруіне байланысты қорғаушысы екеуі соттан бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза беруді сұрады. 

Сот үкімімен сотталушылардың екеуі Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Кооперативті құрып, оған 2019-2021 жылдар аралығында басшылық еткен әйелге 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кооперативке 2021 жылдан бастап басшылық еткен ер адамға 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Үшінші сотталушы әйел Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың үшеуі де жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Айта кетейік, сотталушылар қылмысты 2019 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың қаңтар аралығында, яғни, Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігіне (Қаржылық пирамида құру және оған басшылық ету) түзетулер енгізілгенге дейін жасаған.