Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте 26 сотталған тұрақты жұмыспен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 26 сотталған тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды қала прокуратурасы.

сотталғандар жұмыс
Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Мамандандырылған прокуратураның бастамасымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен «Прод Ком» ЖШС арасында үшжақты меморандум жасалды.

Меморандум аясында қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 26 сотталған тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта қосымша жұмыс орындарын ашу арқылы еңбекпен қамтылған сотталғандар санын арттыру жоспарланып отыр.

– Кәсіпорын мал жүнін өңдеумен және одан дайын өнім өндірумен айналысады. Мұнда күн сайын 3 тоннадан астам жүн өңделіп, дайын өнім шетелге экспортталады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Жұмысқа тартылған сотталғандар еңбекақы алып, мемлекет алдындағы берешектерін, талап-арыздарын және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар олар үш мезгіл тамақпен және жатақханамен қамтамасыз етілген. Сотталғандар кәсіпорын аумағында мекеме қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болады.

– Аталған бастама сотталғандарды еңбекке баулу арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне және қайта қылмыс жасаудың алдын алуға бағытталған, – деп атап өтті ведомстводан.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, елімізде рақымшылықпен 1 300-ден астам сотталған босатылды.