Шымкентте 270 түп ағаш кесілмейтін болды – әкімдік

Шымкентте 270 түп ағаш кесілмейтін болды – әкімдік
Фото: SEMEI TV

Шымкентте жаңа тұрғын үй кешені мен қаланы байланыстыратын балама жоба әзірленеді, деп хабарлайды Kazinform. 

Қаладағы «Атамұра» тұрғын үй кешені мен Бәйдібек би даңғылын байланыстыратын жол салынуы керек болатын. Жоспар бойынша жолдың ұзындығы 218 метр, ал ені 14 метрді болуы тиіс еді. Құрылыс нысанының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, осы мақсатта бюджеттен қаржы да қаралып қойған. Ал құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделген. Алайда әкімдік «Атамұра» тұрғын үй кешенін қаламен байланыстыратын жолды басқа тұстан салу үшін балама жоба әзірлейтін болды.

«Жол құрылысын жүргізу үшін этносаябақ аумағындағы 270 түп ағашты кесуге тура келді. Оған қоса, саябақтың жанынан мұндай жолдың өтуі этносаябаққа демалуға келетін тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екені белгілі болып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған жол құрылысын тоқтату жөнінде тапсырма берді. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, «Атамұра» тұрғын үй кешенін қаламен байланыстыратын жолды басқа тұстан салу үшін балама жоба әзірленеді», - делінген Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Нәтижесінде, саябаққа келушілерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, 270 түп ағаш кесілмейтін болды.

Соңғы жаңалықтар