Шымкентте 31 жастағы әйел үшем босанып, 7 баланың анасы атанды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасында үшем дүниеге келді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1995 жылы туған Гүлбағира Өтемісқызы жүктіліктің 31-аптасында дәрігерлердің көмегімен үшемді аман-есен өмірге әкелді.
Мерзімінен бұрын туған сәбилер алғашқы үш тәулік бойы жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды.
Қыз балаға Айым, ал ұл балаларға Нұрасыл, Бекасыл деген есім қойылды.
– Нәрестелерге тыныс алу қолдауы көрсетіліп, өмірлік маңызды көрсеткіштері тәулік бойы қадағаланды. Кейін олардың жағдайы тұрақталған соң, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылып, ем-дом мен арнайы күтім жалғасты, - делінген хабарламада.
6 қаңтар күні дүниеге келген үшемдер салмақ қосып, әрқайсысы 2 300 грамға дейін жеткен.

Дәрігерлер үшемдердің дамуы тұрақты екенін атап өтті. Қазіргі уақытта анасы мен нәрестелердің жағдайы қалыпты. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде сәбилер өмірге сәтті бейімделіп келеді.
Айта кетейік, үшемдерді үйінде төрт бауыры асыға күтіп отыр. Анасы декреттік демалыста болса, әкесі құрылыс саласында еңбек етеді.
Бұдан бұрын Шымкентте Хабиба, Халима және Хамида есімді үшем дүниеге келгенін хабарлаған едік.