Шымкентте 400 кәсіпкер әлеуметтік тауарлардың бағасын негізсіз көтерген

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 425 кәсіпкерлік субьекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

азық-түлік
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімін алдын-алу бойынша 3 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, біріншісі айналым механизмі аясында қарыз қаражат беру және форвардтық шарттар түзу болса, екіншісі тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу. Ал, үшінші бағыт делдалдық қызметті шектеу.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, сауда желілері мен тауар өндіруші кәсіпорындарға (ұн, жұмыртқа, нан, сиыр еті, тауық еті, күнбағыс майы) айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім-шарттар түзілген. Соған сәйкес, 70-ке жуық сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып келеді. Биылғы жылдың күзгі және 2025 жылдың көктемгі маусым аралық кезеңдеріне ерте пісетін көкөністер бойынша отандық шаруа қожалықтармен жалпы 17 000 тоннаға жуық келісім-шарт түзілді», - деді Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханиев.

Бүгінде қаладағы халық көп жиналатын 8 орында апта сайын азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Мұнда күнделікті тұтыну тауарлары нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Жалпы жыл басынан бері 312 жәрмеңке өткізілген.

«Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, аптасына 2 реттен комиссия отырыстары өтуде және көшпелі жиналыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерге электрондық шот-фактуралар арқылы хронометраждық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 425 кәсіпкерлік субьектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда кемшіліктер толығымен жойылды. Жалпы бүгінде қала аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, баға да тұрақты бақылауда», - деді Жандос Ханиев.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары аясында, қала халқы ұн, нан, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен толығымен қамтамасыз етілген. Ал, сиыр етімен қамтамасыз ету көрсеткіші 35 пайызды құрайды. Сондықтан қосымша қажеттілік Түркістан облысынан тасымалданады, ал тауық еті бойынша қажеттілік АҚШ, Белоруссия мемлекеттерінен және Алматы қаласынан жеткізіледі. Сүт өнімдерінің негізгі көлемі Солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан келеді.

Көкөніс өнімдерінен – картоп Павлодар облысы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясынан, пияз - Жамбыл облысы, Өзбекстан Республикасынан, сәбіз - Павлодар, Жамбыл, Түркістан облысы, Ресей Федерациясынан, ал қырыққабат - Түркістан облысы, Өзбекстан Республикасынан жеткізілуде.

Бакалея өнімдері бойынша қарақұмық жармасы - Шығыс Қазақстан облысы, Ресей федерациясы, күріш - Қызылорда облысы, құмшекер - Жамбыл облысы, Ресей федерациясы және ас тұзы - Қызылорда облыстарының өндірушілеріне тікелей тәуелді.

Жалпы Шымкент қаласында 51,6 мың шаршы метрді құрайтын 7 климаттық жеміс-көкөніс қоймасы орналасқан. Ондағы жалпы сиымдылық 35,5 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағын кеңейту үшін 132,9 га жер телімі қарастырылған. Қазіргі таңда инфрақұрылым желілерін жобалау жұмыстары аяқталып келеді. Жоба толығымен іске асқан жағдайда кеңейтілетін аумақта 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, құны 46,1 млрд. теңге болатын инвестиция тарту жоспарланып отыр.