Шымкентте 600-ден астам полицей қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті қадағалап жүр
Шымкентте қоғамдық көлікте темекі шеккен 6 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform.
Қоғамдық көліктегі оқыс оқиғалар мен құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында ІІМ-нің нұсқауымен республика көлемінде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Аталған шараның бір күнінде шымкенттік полицейлер қоғамдық көлікте заң бұзушылыққа жол берген 13 жайтты анықтады. Оның ішінде, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік iшкен немесе масаң күйде жүрген 6 жолаушы, тыйым салынған орындарда темекі шеккен 6 адам және қоғамдық орындарда тиіскені үшін 1 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Профилактикалық жұмысқа 600-ден астам тәртіп сақшысы жұмылдырылып отыр. Қоғамдық көлік ішіндегі тәртіп пен заңдылықты сақтау және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара 15 қаңтарға дейін жалғасады. Осыған байланысты автобус ішінде қандай да заң бұзушылықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, бірден «102» арнасына хабарлауға шақырамыз», - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.