Шымкентте 7 мыңнан астам жүк көлігі тексеріліп, 300 млн теңге айыппұл салынды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жүк көліктеріне қатысты заң бұзушылықтар бойынша 2800-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Шымкент қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Сырғабековтің айтуынша, қалада 560 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оның 40 915-і — жүк көлігі.
Жыл басынан бері инспекция қызметкерлері 7,1 мың жүк көлігін тексерген.
— Оның ішінде 4,8 мыңы шетелдік, 2,3 мыңы отандық тасымалдаушыларға тиесілі. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2871 әкімшілік хаттама толтырылып, 300,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Ербол Сырғабеков.
Қазір қалада үш автоматтандырылған өлшеу станциясы жұмыс істейді. Олардың көмегімен 1,8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 1245 нұсқама берілген. Айыппұл көлемі — 207 млн теңге. Жыл соңына дейін қалада тағы алты автоматтандырылған өлшеу станциясын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Шымкентте 14 карьерлік кәсіпорын бар. Рейдтер мен тексерулер барысында осы кәсіпорындарға қатысты 613 жүк көлігі тексеріліп, 411 әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде 30,7 млн теңге айыппұл салынды.
Бұған дейін Қазақстан-Өзбекстан шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болғанын жазған едік.