Шымкентте әкімдік жер учаскесін пайдалануға заңсыз берген

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (МАЭС) талап қоюшы ЖШС жауапкер АҚ-нан қарыз берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген.

Шымкентте әкімдік жер учаскесін пайдалануға заңсыз берген
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жоғарғы соттың мәліметінше, талап қоюшы ЖШС сатып алу-сату келісімшарты негізінде жауапкер АҚ-нан жер учаскесін сатып алған. Бір жыл өткен соң МАЭС Жер ресурстарын басқару департаментінің талап қоюын қарап, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныған.

Жер учаскесі қала әкімдігімен АҚ-ның пайдалануына заңсыз берілген. Бұл жағдай ЖШС-нің жауапкер АҚ-нан 80 млн теңге қарыз берешекті өндіру туралы талап қоюына негіз болды.

АҚ талап қоюмен толық келіскен, сол себепті тараптар дауды өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеу және медиациялық келісіммен бекіту, іс бойынша іс жүргізуді екіжақты келісіммен тоқтату туралы өтінішхат жолдаған.

МАЭС 80 млн теңге дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті. Талап қоюшыға бюджеттен бұрын төленген 2,4 млн теңге мемлекеттік баж салығы қайтарылған.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.