Шымкентте аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған алматылық тұрғын ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел іс-шаралары барысында синтетикалық есірткі затын тасымалдаған күдікті қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

есірткі
Фото: Видеодан алынған кадр

Жедел іс-шаралар барысында Алматы қаласы тұрғынының басқаруындағы Hyundai Elantra маркалы автокөлігі тоқтатылды.

— Тексеру барысында автокөлік салонынан скотчпен оралған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Оның ішінде жалпы салмағы 1 келі психотроптық зат болған. Аталған заттың Шымкент қаласы аумағында жасырын орындарға қою арқылы таратуға арналғаны анықталды, — делінген Шымкент қаласы полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Есірткі
Фото: Видеодан алынған кадр

Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды.

Бұдан бұрын Шымкентте алкоголь өндіретін жасырын цех анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар