Шымкентте бағдаршамдардың секундомерін неге алып тастады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласындағы көшелердің қиылысында орналасқан бағдаршамдардың уақытты кері санау таблосы алынып жатыр.

бағдаршам
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform
светофор
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Жергілікті билік жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін бағдаршамдардағы уақытты алып тастауды дұрыс деп тапқан. 

«Шымкентте көше қиылысындағы бағдаршамдардың уақытты кері санау таблосы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында алынған. Себебі қаланың көше-жол желісі бойынша магистральды көшелердің қиылысында көліктер жиі қатты жылдамдықпен соғысады. Яғни, жүргізушілер секундомер бойынша уақыттың азайып жатқанын көріп, тежеу мен үдеу қашықтығын есептемей, қиылыстан өту үшін жылдамдықты асырады. Сонымен қатар, қазіргі таңда кептелістің алдын алу мақсатында бағдаршамдарды интеллектуалды көлік жүйесіне қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жағдайда көше қиылысындағы бағдаршам нысандарының уақыты көлік ағынына қарай автоматты түрде өзгеріп отырады. Ал, интеллектуалды көлік жүйесіне автоматты түрде қосылмайтын бағдаршамдардағы кері санау таблолары алынған» делінген Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған ақпаратта.

Бұл жүйе жүргізушілер үшін тосын жаңалық болып отыр. Тіпті, көлік тізгіндеушілердің ішінде үйренісе алмай жатқандар да бар. 

«Жүргізушілерге секундомер керек еді. Қай кезде тоқтаймыз, қай кезде жүреміз, бәрін бақылап, соған сай әрекет етіп отыратын едік», — дейді қала тұрғыны Алмас Исаұлы.

Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қала аумағында жол-көлік оқиғасы 4 есе өскен.

Яғни, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 303 апат тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1205-ке дейін артып отыр. Ал, жол ережесін бұзушыларға 771 743 әкімшілік хаттама толтырылған.

светофор
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

«Автокөлік санының артуы және жол қозғалысына қатысушылардың ережені сақтамауы жол-көлік оқиғаларының артуына себеп болып отыр. Жол-көлік оқиғаларын төмендету және көліктік тәртіпті арттыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып келеді. Атап айтар болсақ, полиция департаменті тарапынан „Тасымалдаушы“, „Автобус“, „Мотоцикл“, „Қауіпсіз жол“, „Жаяу жүргізуші“ жедел-профилактикалық шаралары мен „Сіздің жолаушыңыз — бала“ акциясы өткізілді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында туындаған проблемалық мәселелер Шымкент қаласының әкімдігінде мүдделі мекемелердің қатысуымен апта сайын талқыланып жүр» — дейді Шымкент қаласы полиция департаментінен. 

Соңғы жаңалықтар