Шымкентте балаларды үйірмесіз қалдырған екі басқарманың бұрынғы басшылары жауапқа тартылды

үйірме
Фото: Pexels

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте спорт және мәдениет басқармаларының экс-басшылары әкімшілік жауапқа тартылды.

Прокурорлар DamuBala бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатын жоспарлау кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтіретін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатыстыра алмау фактілерін анықтаған.

Прокурорлық қадағалау актісінен кейін 111 кәсіпкер мен бір инвестор өткен жылдың тамыз айынан бастап damubala.kz платформасында бұрын кезекте тұрған 4 276 балаға қызмет көрсете бастаған.

Сонымен қатар биыл сәуір айынан бастап 125 кәсіпкер қызмет көрсету үшін шығармашылық үйірмеге қатысуға damubala.kz платформасына 5 000 баланы кезекке қоюға мүмкіндік берілді.

«Спорт және мәдениет басқармаларының бұрынғы басшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1-бабы 2-бөлігімен жауапқа тартылды. Нәтижесінде 369 200 теңге көлемінде айыппұл төленіп, олар тәртіптік жазаға тартылды» деп мәлімдеді қалалық прокуратура.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram