Шымкентте бауыры жыртылып кеткен Түрікменстан азаматына бірнеше ота жасалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – 27 жастағы азаматтың қазіргі жағдайы жақсы.

операция
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен ауыр халде Түрікменстан азаматы жеткізілген. Жарақаты мен денсаулық жағдайына қарай дәрігерлер 27 жастағы азаматқа бірнеше операция жасады.

Алдымен науқастың бауыры жыртылуынан ішінен қан кетуін тоқтататын ота жасады. Бауыр қызметі жақсарған пациентке екінші кезеңде ортопедиялық ота жасалып, аяқ сүйегінің сынғанына байланысты фиксация қойылды.

Сондай-ақ, тексеру барысында науқаста тромб анықталған. Тромбтың қауіптілігі операцияға қарсы көрсеткіш болғандықтан, тромбты тоқтату үшін науқастың тамырының ішіне кава фильтр қойылды. Кава фильтр – ол арнайы темір, тор тәріздес, аяқтағы тромбтың жүрекке кетпеуін және операциядан аман-есен шығуына көмек беретін медициналық құрал.

Шымкент қаласындағы ауруханада көмек көрсетілген азаматтың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлер операциялардың сәтті өткенін алға тартты.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар