Шымкентте базарлардың бірінде өрт шықты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте «Акбар» базарындағы 6 сауда орны өртеніп кетті. Оқиға шілденің 1-інен 2-сіне қараған түні болған.

Өрт
Фото: Шымкент ТЖД

«101» басқару пультіне өрт туралы хабарлама сағат 2.35-де келіп түскен. Қызыл жалын 400 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. 

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер базар аумағындағы 6 дүңгіршек және «Мерседес Спринтер» маркалы екі көліктің ішінара өртенгенін анықтаған. 

Шақырту орнына қалалық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 93 адам және 29 техника, Апаттар медицинасы орталығы филиалының бригадасы, сондай-ақ Жедел-құтқару жасағы қызметінің қызметкерлері мен техникасы жұмылдырылды.

«Қызыл жалын сағат 5.07-де толықтай сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», -делінген ТЖД мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар