Шымкентте бірқатар көше уақытша жабылады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – 12-13 қыркүйек күндері Шымкент қаласында марафонның өтуіне байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысына шектеу қойылады.
Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 12 қыркүйек күні сағат 06:00-ден бастап Әл-Фараби алаңына кіретін жолдар жабылады.
Ал 13 қыркүйек күні сағат 06:00-ден 13:30-ға дейін марафон өтетін бірқатар бағытта көлік қозғалысы тоқтатылады.
– Атап айтқанда, Әл-Фараби алаңы – Асқаров көшесі – Түркістан көшесі – Қонаев даңғылы – Бәйдібек би көшесі – Арғынбеков көшесінің қиылысына дейінгі бағытта көлік қозғалысы уақытша шектеледі, – делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын сапар бағытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше балама жолдарды пайдалануға шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда LRT құрылысына байланысты Абылай хан даңғылы жабылатынын хабарлаған едік.