Шымкентте біршама көп қабатты тұрғын үйлер жылу жүйесі мен ыстық судан ажыратылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жылу жүйесінен шыққан ақау салдарынан біршама көп қабатты тұрғын үйлер жылу жүйесі мен ыстық судан ажыратылды.  

Шымкент
Фото: Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Қалалық әкімдік тарапынан таратылған ақпаратқа сүйенсек, А. Байтұрсынов пен Мәделі қожа көшелерінің қиылысында диаметрі 159 мм болатын жылу құбырынан ақау шыққан. Салдарынан «К-24» қазандығынан жылу алатын Әлімбетов көшесі № 45 «Б», Мәделі қожа көшесі № 48, Қонаев даңғылындағы № 63 көпқабатты тұрғын үйлер уақытша жылу жүйесі мен ыстық судан ажыратылды.

Сондай-ақ, Тұран-1 мөлтек ауданындағы № 36 және № 26 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін ішкі орамдық жылу желілерінде де (диаметрі 133 мм) ақау шыққан. Ақауды қалпына келтіру үшін Тұран-1 шағын ауданындағы 359/26, 359/28, 359/36, 359/31, 359/30 көпқабатты тұрғын үйлерге уақытша жылу мен ыстық су беру тоқтатылды.

«Қазіргі уақытта „Қуатжылуорталық-3“ МКК-ның мамандары тарапынан 4 бригада және 5 техника жасақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ақау шыққан екі нысанға арнайы барып, жағдайды біліп, бақылауына алды. Оған қоса, тиісті аудан әкімдігі және „Қуатжылуорталық-3“ МКК-ы тарапынан аталған үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді» - делінген Шымкент қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар