Шымкентте бұрынғы «Қиял әлемі» орнында заманауи City Park пайдалануға берілді

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қала күні мерекесіне орай жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық бірқатар маңызды жобамен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Шымкентте бұрынғы «Қиял әлемі» орнында заманауи City Park пайдалануға берілді
Фото: Үкімет

Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев Шымкенттегі бұрынғы «Қиял әлемі» саябағының орнында бой көтерген жаңа қоғамдық кеңістік – City Park-тің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ашылу салтанаты Шымкент қаласы күніне арналған мерекелік бағдарламаның басты оқиғаларының бірі болды. 

Жоба қалалық ортаны кешенді жаңғырту аясында жүзеге асырылып, халықтың барлық санатына қолжетімді жаңа заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, аумағы 4,89 гектар жер былтыр мемлекет меншігіне қайтарылып, кейін абаттандыру және жаңарту жұмыстары жүргізілген.

Бүгінде City Park демалыс, спорт, мәдениет және қоғамдық белсенділік функцияларын біріктіретін заманауи урбанистік кеңістікке айналды. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы әрі қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасалған.

Жаңа саябақ аумағында жастарға арналған шығармашылық аймақтар, түрлі іс-шаралар өткізетін ашық амфитеатр, демалыс пен кездесулерге арналған көпфункционалды алаңдар, интерактивті су элементтері, сондай-ақ, қалалық фестивальдар мен мәдени шараларға арналған кеңістіктер қарастырылған. 

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту. Саябақ аумағында жыл бойы жұмыс істейтін мұз айдыны, әмбебап спорт және ойын алаңдары, серуендеуге арналған терренкур жолдары, жасыл лабиринттер мен арнайы жабдықталған бақылау алаңдары жасақталған.

City Park тұжырымдамасының маңызды бөлігі – инклюзивтілік қағидаты. Жаяу жүргіншілер жолдарынан бастап қоғамдық аймақтарға дейінгі барлық абаттандыру элементі мүмкіндігі шектеулі жандардың, егде жастағы азаматтардың және балалар арбасымен жүретін ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып жобаланған.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мұндай нысандардың ашылуы Мемлекет басшысының жайлы қалалық орта қалыптастыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларының жүйелі түрде жүзеге асырылуының нәтижесі екенін атап өтті.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев Шымкент әуежайының жаңа терминалы мен екінші ұшу-қону жолағы құрылысының барысымен танысты.

Айта кету керек, бұл жоба қаланың әуежайын халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 шақырымнан асады, ал ені 75 метрді құрайды.

Жолақтың беріктігі жоғары жабыны ауыр жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген.

Жаңа жолақ көрінуі шектеулі немесе мүлде көрінбейтін жағдайда да ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік беретін заманауи жүйелермен жабдықталады. Бұл өз кезегінде әуе қатынастарының тұрақтылығы мен сенімділігін едәуір арттырады.

Ауқымды жобаны іске асыру өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, Шымкент қаласының әуе тасымалдарының стратегиялық орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтеді.

Айта кетейік, осыған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы бірқатар стратегиялық нысандарды аралаған болатын.