Шымкентте электр қуатының жетіспеушілігі қалай шешіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының әкімдігі жаңартылатын энергия көздері бойынша қандай жаңа жобалар қолға алынғанын баяндады.

Алматыдағы Ерменсай, Ремизовка шағынаудандары электр энергиясынан ажыратылды: себебі анықталды
Фото: Kazinform/ Freepik

«3-Энергорталық» АҚ қаланың шет аймақтарға тәуелділігін жоюға және оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын шешу үшін жылына 550 МВт беретін жаңа бу-газ электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Оның құны 467 млн АҚШ долларына жетеді. Аталған жобаны 2022-2026 жылдары іске асыру жоспарланған. Осылайша қалаға электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешімін таппақ», - жазылған қала әкімдігінің ресми жауабында.

Шымкентте 365 күннің 300 күні шуақты, тиісінше мұнда жаңартылатын энергияға зор әлеует бар. 
Атап айтқанда, 2019-2020 жылдары «Авелар солар технолоджи» ЖШҚ өндірушісі өз қаражатына Айкөл тұрғын алабында 20 МВт/сағ қуаты бар күн сәулесі электр станциясын салды. Өндірілген электр қуаты қосалқы станция арқылы қалаға берілуде.

2017 жылы «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорны Ақбай-Қарасу су жинағышында жер қойнауының энергиясы қолданылатын геотермалды сорғы жабдықтарын орнатқан. Бұл жобаның құны 230 млн АҚШ долларын құраған.

Нәтижесінде аталған нысанда электр қуатын пайдалану шығыны 5 есеге төмендеді немесе бір жылда 317 млн теңге қаражат үнемделді. Сонымен бірге, бұл су жинағышта сағатына 200 кВт/сағ электр қуатын өндіретін күн электр батарейлері орнатылған. Өндірілген электр қуаты нысанның өзіне жұмсалады.

«Ал қаладағы кәріз тазалау құрылғысында сағатына 2 мың киловатт электр қуатын өндіретін кіші су электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, газ және электр энергиясын өндіру мақсатында сағатына 400 киловатт электр қуатын өндіретін Биогаз қондырғысы іске қосылды. Нәтижесінде, электр қуатын тұтыну көлемі 88% төмендеді және шайынды суды тазалау қуаты тәулігіне 100-150 мың м3 дейін өсті. Мұнда бір жылда 67,3 млн теңге қаражат үнемделген», - деп толықтырды әкімдік.

Бұған дейін Шымкент қаласының әкімдігі тұрмыстық қалдық полигонындағы қоқыс өртеу фактілері тоқтатылғанын хабарлаған еді.