Шымкентте ер адам 23 жыл бұрынғы қылмысы үшін сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 жыл бұрын аса ірі мөлшерде героин тасымалдауға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Сотта анықталғандай, сотталушы 2003 жылдың тамыз айында есірткі заттарын көтерме бағамен сатып алып, оларды басқа мемлекеттерде сатумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен тұрақты байланыста болған.
2003 жылдың қазан айының басында ол қылмыстық қоғамдастықтағы өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысында топ басшысынан аса ірі мөлшердегі героинді өткізу туралы тапсырма алған.
Сотталушы аталған тапсырманы орындау мақсатында 2003 жылғы 20 қарашада сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбе бағытына жолға шыққан.
Алайда 22 қарашада Шымкент — Самара автожолының Арал қаласы маңында сотталушы отырған көлік тоқтатылған. Автокөлікті тексеру барысында жанармай құю орнынан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет, яғни жалпы салмағы 34 047,41 грамм аса ірі мөлшердегі героин тәркіленген.
Осы оқиғадан кейін сотталушы халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2024 жылы Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, 2025 жылы Қазақстанға жеткізілген.
Сотталушы кінәсін мойындамағанына қарамастан, оның қылмыс жасағаны куәлардың жауаптарымен, дыбыс жазбаларымен, сараптама қорытындыларымен және басты сот талқылауында зерттелген басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы тағылған айыпты мойындамай, өзін ақтауды өтінді. Сот оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтамады.
— Сот Е.-ны ҚК-нің (1997 жылғы редакцияда) 235-бабының 3-бөлігімен, 259-бабының 4-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен кінәлі деп танып, оған түпкілікті 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — делінген қалалық соттың хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Шымкентте есірткі сайттарын жарнамалаған күдіктінің ұсталғанын жазған едік.