Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адамға үкім шығарды. Сотталушылар 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың талап-арызын ішінара қанағаттандырып, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты екі жеке қаулы қабылдады.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Үкімді 4 қарашада судья Абинур Қарабаев жариялады. Алты сотталушының барлығы сот залына күзетпен жеткізілді. Сот отырысына процеске қатысушылардың туыстары мен журналистер қатысты. Сот ғимаратында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Сотталушылар қатарында Мақсұт Арысбаев, Рауан Инкарбеков, Дархан Қызбалаев, Бекасыл Жұманазар, Әлихан Ерімбет және Жанділда Қуандықов болды.

Ең ұзақ мерзімге Мақсұт Арысбаев сотталды. Оған 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рауан Инкарбеков пен Дархан Қызбалаевқа 22 жылдан, ал Әлихан Ерімбетке 21 жыл жаза белгіленді. Бекасыл Жұманазар 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Жанділда Қуандықов бұрынғы үкім бойынша жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, 20 жыл 6 айға сотталды.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Сот процесі барысында айыпталушыларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау және бұзақылық жасау баптары бойынша айып тағылды. Сот жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарын, сараптама қорытындыларын, бейнежазбалар мен іс материалдарын зерттеді.

Үкім жарияланғаннан кейін судья Абинур Қарабаев сот қандай мән-жайларды дәлелденген деп танығанын және не себепті ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанын түсіндірді.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

— Сотталушылардың кінәсі сот отырысында зерттелген дәлелдер негізінде анықталды. Кейбір айыптар алынып тасталды. Сонымен қатар адам өлтіру, адам ұрлау, жәбірленуші Көшкенбаевтың денсаулығына ауыр зиян келтіру және бұзақылық әрекеттері бойынша сотталушылар кінәлі деп танылды. Жасалған қылмыстар үшін тиісті жаза тағайындалды, — деді судья Әбинұр Қарабаев.

Жаза мерзімін белгілеу кезінде сот қылмыстардың сипатын ғана емес, сотталушылардың жеке басына қатысты мәліметтерді де ескерген. Қарабаевтың айтуынша, сотталушылардың үшеуі бұған дейін де сотталған. Алайда бұл олардың жаңа қылмыс жасауына тосқауыл бола алмады.

— Арысбаевқа, Инкарбековке және Қызбалаевқа бұрын сотталғанын ескере отырып, неғұрлым қатаң жаза тағайындалды. Соттылығы өтелгеніне қарамастан, олар тиісті қорытынды жасамаған. Қылмыс күндізгі уақытта, қала аумағында жасалған. Осы мән-жайлардың барлығы ескеріліп, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді, — деді судья.

Сот тергеу барысында анықталған заңбұзушылықтарға және пробация қызметінің жұмысына да ерекше назар аударды. Істі қарау қорытындысы бойынша екі жеке қаулы шығарылды.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Бірінші қаулы Шымкент полиция қызметкерлерінің қылмыстық-процестік заңнама талаптарын бұзуына қатысты болды. Екінші қаулы бұрын сотталған Жанділда Қуандықовқа қатысты пробациялық бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмеуіне байланысты қабылданды.

— Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында, соның ішінде мүлікке тыйым салу және заңнаманың басқа да талаптарын орындау кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілген. Осыған байланысты тиісті шаралар қабылдау үшін Полиция департаментіне жеке қаулы шығарылды. Ал Қуандықов бұрын сотталған және пробациялық бақылауда болған. Соған қарамастан, ол қайтадан аса ауыр қылмыс жасаған. Бұл жауапты қызметкерлердің тиісті бақылауды қамтамасыз етпегенін көрсетеді. Осы дерек бойынша да жеке қаулы қабылданды, — деп түсіндірді судья.

Сот пен жәбірленуші тарап арасында автокөліктерге қатысты да келіспеушілік туындады. Сот көліктерге салынған тыйымды алып тастап, оларды иелеріне қайтару туралы шешім қабылдады.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Әбинұр Қарабаевтың айтуынша, көліктерді тәркілеуге жеткілікті құқықтық негіз болмаған.

— Іс бойынша бірнеше автокөлікке тыйым салынған. Алайда оларды тәркілеу туралы мәселені қарау кезінде көліктердің қылмысқа қатысы бар-жоғын және заңсыз жолмен сатып алынғанын анықтау қажет. Мұндай дәлелдер ұсынылмады. Үш автокөліктің иелері бар және олар көліктерін сотталушыларға уақытша пайдалануға берген. Алайда меншік иелерінің машиналарды қылмыс жасау үшін бергені анықталған жоқ. Сондықтан сот көліктерге салынған тыйымды алып тастау туралы шешім қабылдады, — деді ол.

Сот шабуыл кезінде Василий Колесниковпен бірге көлікте болған және ауыр жарақаттанған жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды.

Сот моральдық зиян үшін жалпы сомасы 10 млн теңге өтемақы өндіру туралы шешім қабылдады. Судьяның түсіндіруінше, оның 5 млн теңгесін Мақсұт Арысбаев, ал қалған сотталушылардың әрқайсысы 1,25 млн теңгеден төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, сот заң көмегіне жұмсалған 4 млн теңге шығынды өтеу талабын қанағаттандырды.

Соттағы жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов төрт сотталушыны 24 жылға, тағы екеуін 22 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот прокурор талап еткен мерзімнен төмен жаза тағайындады.

Сотталушылар мен олардың қорғаушылары адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу айыптарын алып тастауды сұраған. Олардың айтуынша, тергеу барысында Василий Колесниковқа өлімге әкелген жарақатты нақты кім салғаны анықталмаған, ал бұл бөліктегі айыптар болжамға негізделген.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов үкімге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, сот процесінде марқұмның отбасына келтірілген зиянды өтеу, соның ішінде жақындарына жылжымайтын мүлік беру мәселесі талқыланған.

— Мен бұл медиативтік келісімге қатысқан жоқпын, тіпті оның бар екенін де білмедім. Олар марқұмның әкесіне өздері барған. Бұл сот тергеуі кезінде, шамамен процестің ортасында болған. Әкесіне пәтер, ал Колесниковтың кәмелетке толмаған қызына тағы бір пәтер ұсынған, яғни екі пәтер беру мәселесі көтерілген. Менің білуімше, әкесі нотариалды өтініш берген. Соған қарамастан, сотта айыпталушыларды заңның барынша қатаң жазасына тартуды сұрады, — деді Талғат Есімов.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Адвокаттың сөзінше, жәбірленушілердің татуласу мәселесіне қатысты ұстанымдары әртүрлі болған. Мақсат Көшкенбаев өзіне келтірілген зиянды өтеуді талап етсе, екінші жәбірленуші Ишанқұлов сотталушыларды кешіруге дайын екенін білдірген.

— Екінші жәбірленушінің оларды кешірмегенін ескеру қажет. Мақсат Көшкенбаев 200 млн теңге көлемінде талап-арыз берді. Ал екінші жәбірленуші Ишанқұлов оларды кешірді. Колесниковтың әкесі де өз ұстанымын білдірді, бірақ сонымен бірге қатаң жаза тағайындауды сұрады, — деді адвокат.

Сот процесінде қылмыстың ықтимал себептері де талқыланды. Есімовтің айтуынша, сотталушылар тергеу мен сот барысында берген жауаптарын өзгерткен. Ал болжамды жанжалдың кейбір мән-жайлары әлі де жеке тәртіппен тергеліп жатыр.

— Тергеу кезінде олардың берген жауаптары бір бөлек болса, сотта түбегейлі өзгерді. Сотталушылардың бірі Ерімбет бұған дейін басқа оқиға үшін кек алу мақсатында қылмысқа барғандарын айтқан. Қазір бұл оқиғаны Полиция департаменті бөлек тергеп жатыр. Кейін олар Колесниковтың «Баха» лақап атымен белгілі адамға 6 млн теңге қарызы болғанын, сол ақшаны өндіріп алмақ болғандарын айта бастады. Менің ойымша, бұл — өздерін қорғау үшін ойдан шығарылған нұсқа, — деді Талғат Есімов.

Адвокаттың сөзінше, сотталушылар адам ұрлау және бұзақылық әрекеттеріне қатысты кінәларын ішінара мойындағанымен, адам өлтіруге қатысы барын жоққа шығарған. Олар жауапкершілікті қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа адамдарға жүктеген.

Іске қатысы бар тағы бір адам — Марат Дауласовқа іздеу жарияланған. Ал тергеуге «Баха» деген лақап атпен белгілі болжамды сыбайластың жеке басы әзірге анықталған жоқ.

Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталды
Фото: Татьяна Корякина/Kazinform

Талғат Есімов автокөліктерді иелеріне қайтару туралы сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Оның пікірінше, көліктер қылмыс жасау кезінде тікелей пайдаланылған.

— Көліктердің қайтарылуына келіспеймін. Өйткені олар қылмыс құралы ретінде пайдаланылды. Колесниковты осы көліктермен аңдып, кейін ұрлап әкеткен. Осы бөлік бойынша апелляциялық шағым түсіремін, — деді адвокат.

Еске салайық, қылмыс 20 қаңтар күні түстен кейін Ерімбетов және Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Көліктер соқтығысқаннан кейін жаппай төбелеске ұласқан. Мақсат Көшкенбаев ауыр жараланған. Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызып, Шымкенттен алып шыққан. Кейін оның мәйіті Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағынан табылған. 

Оқиғаға байланысты полиция адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау және қару қолдану арқылы бұзақылық жасау баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алты күдікті қамауға алынып, тағы бір адамға іздеу жарияланған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, тергеу нұсқасы бойынша, шабуылға дейін жәбірленушілердің көлігін аңду әрекеті болған. Айыптау тарапының мәліметінше, Колесников пен Көшкенбаев отырған автокөлікті тоқтату үшін жол-көлік оқиғасы әдейі ұйымдастырылған. 

Сот отырысында жәбірленушілер шабуылдың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады. Қылмыстық іс материалдарының жалпы көлемі 36 том болды.