Шымкентте есірткі пайдаланған жалған полицей ұсталды
Тараз тұрғыны көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан рөлге отырған, деп хабарлайды Kazinform.
Шымкенттік тәртіп сақшылары түнгі мезгілде LED - жарық шамын таққан көлікті тоқтатқан. Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған жүргізуші құжатын көрсетуден үзілді-кесілді бас тартып, босатуды талап еткен.
Полицейлер ер адамның оғаш әрекеттерінен күмәнданып, медициналық тексеруден өткізген. Нәтижесінде жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғанын анықтады.
«Жалған полицей» көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан рөлге отырған. Аталған жайт бойынша құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 590 - бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» және 230-бабы «Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
«Бұған дейін ер адам өзін тәртіп сақшысымын деп таныстырып, азаматтарды алдап келген. Ол бірнеше рет алаяқтық жасағаны, жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік жүргізгені және жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін сотталған. Алайда ол өткен қателігінен сабақ алмай, бұрынғы әдетіне қайта басқан», - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.