Шымкентте есірткі таратты деген күдікпен жас жігіт ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — «Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында есірткі таратумен айналысқан жас жігітті ұстады. 

наручники
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту барысында полицейлер құрамында мефедрон психотроптық заты бар үш ораманы тауып, тәркіледі.

Тексеру барысында күдіктінің қыркүйек айынан бастап есірткі сататын интернет-дүкеннің курьері әрі ораушысы ретінде заңсыз қызмет істегені анықталды.

— Кейін күдіктінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері барысында қала аумағынан жасырылған орын анықталып, одан мефедрон салынған ірі орама тәркіленді.

Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 200 грамнан асады, — делінген хабарламада.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 

Айта кетелік 109 келі есірткі тәркіленді: Каспий теңізінде халықаралық есірткі арнасының жолы кесілген еді.