Шымкентте есірткі зертханасын басқарып келген қылмыстық топ сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — 2023–2024 жылдар аралығында «А» есімді азамат басшылық еткен қылмыстық топ «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы аса ірі көлемде психотроптық заттарды заңсыз дайындап, сақтап, сатып келген.

с
Фото: freepik.com

Шымкент қаласының прокуратурасының ақпаратына сәйкес, топ мүшелері Шымкент қаласында есірткі зертханаларын ашып, прекурсорларды пайдалану арқылы есірткі заттарын өндірумен, сатумен айналысқан.

Арнайы операция жүргізу барысында қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталып, олардан 3 кг аса психотроптық заттар, зертхана жабдықтары мен қаражаттар тәркіленді.

— Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 қыркүйектегі үкімімен аталған азаматтар қылмыстық топ құру және оған қатысу, сондай-ақ аса ірі көлемде психотроптық заттарды сату, дайындау, өңдеу және сақтау, қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастыру фактілері бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Петропавлда синтетикалық есірткі таратқан тұрғын 7 жылға сотталғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар