Шымкентте есірткіге қатысты оқиғадан кейін полицей жұмыстан шығарылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте есірткіні заңсыз сақтау дерегіне байланысты аудандық полиция бөлімінің қызметкері ішкі істер органдарынан теріс қылығы үшін босатылды. Жедел іс-шаралар барысында оның басқа азаматтармен бірге автокөлікте болғаны анықталды.

полиция
Фото: Polisia.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Kia автокөлігін қуу және оны ұстау сәті түсірілген бейнежазба тараған болатын. Жазба авторларының мәліметінше, көлік жүргізушісі полиция көлігін соғып, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Сондай-ақ автокөлік салонында полиция қызметкері болғаны және көлікті тексеру кезінде есірткі табылғаны хабарланды.

Оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін Kazinform тілшісі Шымкент қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Ведомство есірткіні заңсыз сақтау дерегін растады.

– Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында есірткіні заңсыз сақтау фактісін анықтады. Автокөлікте азаматтық тұлғалармен бірге аудандық полиция бөлімдерінің бірінің қызметкері болған. Аталған қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылды, – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Полицияның мәліметінше, бұрынғы қызметкердің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

– Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайына, оның ішінде бұрынғы полиция қызметкерінің әрекеттеріне де тиісті құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – деп нақтылады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Астанада 30 жастағы әйелдің өліміне байланысты төрт полиция қызметкері ұсталғанын хабарлаған едік. Олар қызметтік міндеттеріне салғырт қарады деген күдікке ілінді. Осы оқиғадан кейін Астана қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен босатылды.