Шымкентте есірткіні жарнамалайтын 500-ден астам жазба жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ы
Фото: Polisia.kz

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Полиция департаментінің бастамасымен «Шымкент – есірткісіз қала» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды қоса алғанда, 3 мыңға жуық адам қатысты.

– Саптық жиыннан кейін қатысушылар қаланың бес ауданына бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп белгіленген аумақтарды тексерді. Жұмыс барысында есірткіні насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды, – делінген хабарламада.

Іс-шара барысында Шымкенттің барлық ауданы қамтылды. Қатысушылар тұрғын үйлердің қабырғаларын, қоршаулар мен өзге де нысандарды тексерді.

Полиция тұрғындарды есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты деректерге бейжай қарамай, мұндай фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.

Айта кетейік, ШҚО-да медицина қызметкерлері пациенттерге есірткісі бар дәрі өткізген.