Шымкентте ғимарат опырылып, видео түсірмек болған жігіт үйінді астында қалды

фосфоршылар сарайы
Фосфоршылар сарайы, Шымкент. Фото: 2gis

Шымкентте фосфоршылар сарайының үшінші қабаты құлап, бір адам үйінді астында қалып кетті, деп хабарлайды Kazinform.

Қазір төтенше жағдай қызметінің мамандары мен полицейлер үйінді астында қалған баланы іздестіріп жатыр.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бала ғимарат ішіне видео түсіремін деп кірген болуы мүмкін.

«Жастар қазір тик-ток түсіруге құмар. Жақында ғана „Жездуха“ деген сериалдың бір сериясы осында түсірілген екен. Клиптер түсірілген. Бала еліктегіш келеді. Сондай бір мақсатпен келген болса керек. Полиция әр бес минут сайын патрульдеп жүрген. Дегенмен, баланың аты бала, бір қуыстан өтіп кеткен болуы мүмкін»,-деді ол.

Оқиға орнына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те келді.

Құтқарушылар үйінді астынан баланы іздеп жатыр.

Айта кетейік, «Фосфоршылар» сарайы жуырда қала әкімдігінің меншігіне қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар