Шымкентте қарттар үйінде танысқан екі қария үйленді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы № 10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушы екі қарттың көңілі жарасып, бас құрды. Қос ардагердің қуанышына орай демеушілер есебінен той жасалып, жақсы тілектер айтылды.

қарт
Фото: Шымкент әкімдігі

72 жастағы Рақымқұл Бегалыұлы мен 62 жастағы Найла Мұхаммедқызы осы қарттар үйінде танысып, бас қосқан.

Екеуі де № 10 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 2023 жылдың маусым айында келген.

Жыл соңына қарай қос ардагер үйлену жөнінде шешім қабылдап, 23 қазанда заңды некеге тұрған.

той
Фото: Шымкент әкімдігі

Бүгін қоғам белсендісі Самат Бекебаев демеушілердің есебінен дүбірлетіп тойын ұйымдастырып берді.

Тойға қарттар үйінің қызметкерлері, жұбайлардың замандас-құрдастары қатысты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қуаныш иелерін үйлену тойымен құттықтап, деніне саулық тіледі.

той
Фото: Шымкент әкімдігі

— Бақытты болуға ниет еткен адамға уақыт кедергі емес екенін өздеріңіз тағы бір рет дәлелдедіңіздер. Көңілі жарасқан адам қандай кезде де бір-біріне сүйеу. Сіздерді бүгінгі шаттық күнмен құттықтай отырып, осы тойға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын, — деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, қазіргі таңда № 10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 47 қызмет алушы бар. Оның 15-і әйел, 32-сі ер адам.

Соңғы жаңалықтар